«Көкжар ізімен»

Тамыз айының 24-25 күндері Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығына орай Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшілігімен «Көкжар ізімен» атты экспедиция ұйымдастырылды. Әр ауданнан тарихшы, өлкетанушы, Жастар орталығынан қызметкер экспедицияға қатысып, Ойыл ауданының тарихи-мәдени ескерткіштерін аралады.

 Ойыл ауданының саябағында ресми жиыннан басталған экспедиция осы шараның маңыздылығын аша түсті. Экспедиция құрамы алғаш болып Ойылдың жартысын түгелдей қоршап жатқан Сегізсай қатпарлы жотасына табан тіреді. Одан шығып, Қарауылтөбе, Орындықтас, Жүндісай, Ақшатау жерлерін күні бойы аралап, әр ескерткіштердің таңғажайып тарихына куә болдық. Ертеңіне, Ойыл орталығының өзінде орналасқан Көкжар жәрмеңкесінің сауда базарларын, ескі ғимараттарын, мешіттерін аралап, ғасырлар бойы сақталған орындардың озық архитектурасына сүйсіндік. Экспедиция мүшелері Ойыл аудандық музейіне кіріп, экспедиция кезінде табылған құнды жәдігерлермен танысты. Музейде экспедицияны қорытындылайтын шара өтіп, әр ауданға естелік сыйлық таратылып, ұйымдастырылған экспедиция өз сенімін ақтады.