Музей туралы

Әйтеке  би  ауданында   1989  жылы  16—шы  желтоқсанда  аудан тұрғындары, тың игеру ардагерлерінің,  жергілікті  өлкетанушылардың  бастамасымен  қоғамдық  музей  болып  ашылды. Сол кездері  ауданда көп  ұлтты  өкілдердің  тұруына  байланысты  музейге  «Халықтар  достығы»  деген  атау  берілді.

 2002  жылы  аудан  әкімі  Е.Қ.Есенбаев  музейге  тұрақты  мекен—жай  берді. Облыс  әкімі  Е.Сағындықовтың  №35  қаулысымен  2005  жылдың  15  ақпанында  Әйтеке  би  аудандық  «Халықтар  достығы»  мұражайы  ММ  болып  құрылып,  Әйтеке  би  атындағы  Қарабұтақ  ауылдық  музейі  аудан  музейінің  филиалы  болып  бекітілді. 

2007  жылы  Қарабұтақ  ауылдық  музейі  өз  алдына  жеке   мемлекеттік  мекеме  болып  бөлініп  шықты. 

2014  жылдан  бастап  Әйтеке  би  аудандық  «Халықтар  достығы»  музейі  коммуналдық  мемлекеттік  мекемесі  болып  өзгертілді.

Музейдің  мақсаты - өлке  тарихын,  табиғатын,  экономикасын,  археологиясын,  архитектуралық  ескерткіштерін, этнографиясын, тарихи  деректер (ақын – жыраулар,  ұсталар,  бақсы – балгерлер  т.б.),  естеліктер  мен   ескерткіштерін   іздестіру, тарихи  маңызы  бар  құнды  жәдігерлерді  жинау,  зерттеу  оларды  қорда  сақтау.

Музейдің  міндеті – музей  қорындағы  экспонаттар  мен  фото құжаттардан  музей  экспозициясын  жасақтау,  өлке  тарихын, археологиясын,  архитектуралық  ескерткіштерін, этнографиясын  халық  назарына  ұсыну  оларды  насихаттау.  Қорды  сақтау,  қорғау  шараларын  (залалсыздандыру,  кептіру,  тазарту)  жүргізу.

Музейдің  бағыты – өзге  ұлт  өкілдерінің  мәдениетін,  тарихын,  дәстүрін  насихаттай  отырып,  өлке  тарихын  көрсету.

Музей  залдары  283,6  кв. шаршы  метрді  алып  жатқан  5  залға  орналасқан. 

1 зал. Музейдің  фойесі  ауданның  картасынан  бастау  алып,  тың  игеру  ардагерлері  және  өзге  ұлт  өкілдерінің  топтасуынан  құрылған  музей  «Халықтар  достығы»  деп  аталуына  байланысты  «Ынтымағы  жарасқан  ел»  атты тақырыпта экспозиция  жасақталған.

2 зал. Табиғат  бөлімінде  ауданның  жер  бедері,  ауа - райы,  емдік  қасиеті  бар  шөптесін  өсімдіктер  мен  жануарлар  дүниесі  жөнінде  баяндалады.

3 зал.  Этнография  залында  қазақтың  киіз  үйі, ұлттық  киімдер,  шеберлердің  қолынан  шыққан  ер—тұрмандар,  зергерлік  бұйымдар,  ат  әбзелдері,  қару – жарақтар,  ағаш  ыдыстар  мен  мал  терісінен  жасалған  бұйымдар  қойылған.  Сонымен  қатар  кіші жүздің бас биі,  артына аталы сөз қалдырған  мемлекет басқару ісіне араласқан, «Жеті Жарғы» заңдар жинағын шығарушылардың бірі Байбекұлы Әйтеке бидің және көреген дипломат, көрнекті мемлекет қайраткері,  Кіші жүз ханы,  Әбілқайыр ханға  арналған  экспозиция  орналасқан.

4 зал. Аудан  тарихы  бөлімінде  Комсомол  ауданының  құрылуы,  аудан  өңірінде  ел  басшысы  Н.Ә.Назарбаевтың 1992  жылы  болған  сапары туралы,  фотоматериалдармен  танысуға  болады.    Ең  алғаш  тыңға  келген  тыңгерлерден  бастау  алып,  тыңгерлердің  1954  жылдары  ұстап  тұтынған   заттары  мен  өзге  ұлт  өкілдерінің  бұйымдары,  фото  құжаттары  қойылған. Сонымен  қатар  Жәкібай  мен    Мәлік  Әлмұратов, мемлекет  қайракері  Т.Жүргенов,  ақын – жазушыларымыз  Т.Ахтанов  мен  Қуандық  Шаңғытбаев,   Ұлы  Отан  соғысы  мен ауған  соғысының  ардагерлері  мен  еңбек  ерлері,  қуғын – сүргін  құрбандары  туралы  мұралар  өлкемізді  тануға  негізделген.

5 зал. Тәуелсіздік  залы.  Қазақстан  Республикасының  мемлекеттік    рәміздері,  ірі  тарихи  маңызы  бар  оқиға – Ата  заңының  т.б.  құжаттардың  қабылдануы,  Елбасының жолдаулары,  сондай – ақ,  ауданның  құрметті  азаматтары  мен  ауданның  «Құрмет  кітабы»  музей  экспозициясында  орын  алған.