Самұраттың кісілік келбеті

23 қаңтар күні Әйтеке би аудандық музейінде “Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ел қайраткері Алматұлы Самұраттың туғанына 175 жыл толуына орай «Самұраттың кісілік келбеті» тақырыбында тарихи сабақ өткізілді. Шараға аудандық кітапхана, мәдениет үйі қызметкерлері, көпсалалы колледж студенттері мен оқытушылары қатысты. Мақсаты: Өлке тарихында лауазымды қызметтер атқарған, отырықшылық кәсіпке ден қойған Алматұлы Самұраттың кісілік келбетін насихаттау.

Тарихи сабақ Самұраттың бабалары турасында әңгімеден басталды. Әбілқайыр ханның батырларының бірі Киікбай, әйгілі Әбілғазы ханды таққа ұсынған Тобаберген, Қоқан, Бұхар, Хиуа хандықтарымен елшілік қарым-қатынаста болған, ел басқарған Алмат сардар һақында қызықты деректер айтылып, тегіне тартып туған Самұраттың ел аралық билік жасауы, ел басқару ісінде жеткен абырой-атақтарына тоқталынды. Ырғыз өңірінде шоқтығы биік тарихи ескерткіш саналатын Алмат тамы, Жабасақ еліндегі киелі орын Алмат-Самұрат мешіті кешегі тарихымыздың тірі куәгерлері.