«Туған жер»

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясын­да 28-29 қыркүйек күндері Ақтөбе қаласында «Туған жер» респуб­ликалық жерлестер форумы болды. Форумға Парламент депутат­тары, мемлекеттік орган­дар­дың жетекшілері, қоғам қай­раткерлері, белгілі ғалымдар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, әйгілі спортшылар, әлемнің 20 елінде тұрып жатқан ақтөбелік жерлестер қатысты. Осы форумның маңыздылығын арттыру мүддесімен Қобыланды батыр атындағы орталық стадион алдында әр аудан өз киіз үйін құрып, өздеріне тән ерекшеліктерін қонақтар назарына ұсынды. Әйтеке би ауданы киіз үйінің сәні мен мәнін келтіру үшін аудандық «Халықтар достығы» музейі өз экспонаттарын қойып, көзден кеткенмен, көңілден кетпеген ескі қазақы тұрмыстың бейнесін айна-қатесіз жасады.

 Киіз үйдің жарасымды тіршілігін қайта жандандыруды көздеген ауыл өнерпаздары ұмытылып бара жатқан көне салт-дәстүр, жөн-жоралғыларымызды тірілту мақсатында қойылымдарын қойды. Қай дәуірде де маңыздылығын жоймайтын «Құда түсу» салтының жосығын, босағадан Ассалаумағалейкүм деп кіруден бастап, арнайы қонақ екенін таныту үшін болашақ құдасының төріне қамшы ілу, сол үйдің қызын ұлына тұспалдап, жүйесімен сұрау, әкелген сый-сыйапаттарын мүлтіксіз ұсынуы, екі жақтың сөз байласу рәсімі қойылымда түгел қамтылып, киіз үйге бас сұққан қонақтардың қызығушылығын оятты. Қойылымға аудандық көпсалалы колледжі, аудандық музей  қызметкерлері, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері  және мәдениет үйінің  ұжымы ат салысып, зор үлестерін қосты.