«Көрісу – халықтың бірлігі»

Аудандық мәдениет үйінің фойесінде 14 наурыз  Көрісу күніне байланысты мәдениет саласының музей ұжымы, мәдениет үйі ұжымы, кітапхана ұжымы, архив және ауылдық селолық округінің әкімі Б.Пірмағанбетовтың ұйымдастыруымен мерекелік жиын өтті. Мерекелік жиынға ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар арнайы шақырылды.

 Көрісу жалпыхалықтық мереке. Көрісу күнінде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарханға тәтті-дәмдісін қосып үйіп қояды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір – біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман — есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Содан кейін әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, көрісіп шығады. Міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашу керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі керек. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым — қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.

Ұйымдастырушы ұжымдар келген қонақтарға дастархан жайып, арнайы концерттік бағдарлама ұсынды. Шара барысында қоғамдық кеңестің төрағасы А.Ермағанбет, ауыл қариясы Ж.Баекешов пен Р.Қасымқұлова алғыстарын білдірді. Жиын соңында ауылдың көнекөз ақсқалы Салық Жиенбеав атай ақ батасын берді.