«Анаға тағзым»: Ізгі ниет, игі бастама

Елбасы бастамасымен қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тұңғыш рет Ақтөбе облысында облыс әкімі Б.М.Сапарбаевтың бастамасымен Ақтөбе қаласында аналара слеті өтті. Слетке еліміздің түкпір-түкпірінен 1200-ге жуық адам қатысты. Соның ішінде, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, белгілі ақын, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марфуға Айтқожина, қазақтың біртуар ұлы – Бауыржан Момышұлының келіні, ұлттық салт-дәстүріміз бен отбасы құндылықтарының насихатшысы, бірнеше танымал кітаптардың авторы Зейнеп Ахметова және т.б. белгілі тұлғалар болды.

Бірінші күні, Ақтөбе қаласындағы әлеуметтік нысандарға экскурсия және «Әйел әлемді тербетеді» атты мерекелік концерт ұйымдастырылса, екінші күні, «Анаға тағзым» рухани-өнегелік тәрбие беру орталығының салтанатты ашылуымен жалғасын тапты. Ашылу салтанатына музей директоры Д.Ильясова мен мектеп директоры А.Биханова екеуміз қатысып, керемет көріністердің куәсі болдық.  Орталықтың ішкі жұмысымен таныса жүріп, алыстан келген қонақтармен жүздесудің де сәті түсті. Бұлбұл әнші Бибігүл  апамыздың қолын алып, жылы сөзін естідік. Баукеңнің келіні Зейнеп апамыздың ұлағатты әңгімелерін, таза қазақ Татянаның әнін тыңдап, ең қымбат естелік суретке түстік. Өнер орталығында үлкен кездесу кеші болып, әйелден шыққан еңбек ерлері, өнер адамдары мен шығармашыл тұлғалар сөз алып, халықтың ризашылығына бөленді. Сонымен қатар, ауданымыздан барған аналар қауымының да алған әсерлері өте мол болды. Елімізде алғаш ұйымдастырылған мұндай жоба талай әйел затының мерейін үстем қылып, ана деген ұлы есімнің атын мәшһүр етті деп есептеймін. Осындай игі шараға ауданнан бастама жасап алып барған аудан әкімі М.Е.Ибрашовқа және Ішкі саясат бөліміне алғысымызды айтамыз.

Әйтеке би аудандық музейінің директоры                 Д.Ильясова