«Тарих танытқан тұлғалар»

06 желтоқсан күні Әйтеке би аудандық музейінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Тарих танытқан тұлғалар» атты ел перзенттерін ұлықтау шарасы өтті. Шараға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ.Жарымбетов, Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Н.Көшеров, кітапхана қызметкерлері, М.Жұмабаев атындағы орта мектептің 8 сынып оқушылары, көпсалалы колледж студенттері және мұғалімдер қауымы қатысты.

 Қасиетті Әйтеке би топырағынан тамыр алған, осы топырақта дамыл тапқан арда азаматтардың өмір деректерінен музей қызметкері А.Жалмуханбетов тың ақпараттар ұсынып, слайд арқылы кең түсіндірді. Студенттер мен оқушылардың сана-сезіміне жету жолында қилы мысалдар мен психологиялық амалдар арқылы сергіте отырып, мол ақпараттар берілді. Қ.Жарымбетов алдағы 2019 жылға қойылған міндеттердің мәдениет саласына маңызды екеніне тоқталып, ауданда экспедициялар өткізуге мұрындық болатынын жеткізді. Н.Көшеров ауданның түкпір-түкпірінде орналасқан мәдени-рухани ескерткіштер туралы мәліметтерді, ауыз-әдебиет үлгілерін ел арасынан жинақтап, кітап етіп шығару жұмысына қолдау жасайтындықтарын білдірді. 

Музей директоры Д.Ильясованың айтуынша,  елбасы мақаласы музей ісінің тынысын ашып, тарихымызға терең үңілуге мүмкіндік беретін үлкен жоба. Мақалада айтылған көптеген міндеттер музей саласында бүгінге дейін жүзеге асырылып келгендігі ақиқат. Бұл мақала сол жұмыстардың әрі қарай дамуына сеп болары сөзсіз. Ендеше, келер жылға мектеп оқушыларын қызықтыра отырып, тарихи жерлерге турлар ұйымдастыру музей жоспарының бір бөлігі.