Ботай қонысы: Атқа міну мәдениетінің бастауы

17 қаңтар күні Әйтеке би аудандық музейінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Ботай қонысы: Атқа міну мәдениетінің бастауы» атты ақпараттық сағат өтті.  Ақпараттық сағатқа аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының м.а. Н.Көшеров, мәдениет бөлімінің бас маманы А.Ажигалиева, М.Жұмабаев атындағы орта мектебінің тәрбие ісі орынбасары Р.Нұржанова, тарихшылар Б.Ержанов, С.Ермағанбетов, Т.Жүргенов атындағы орта мектебінің тарихшысы М.Бижанов пен аталмыш мектептің 10-сынып оқушылары қатысты.

Шараның көздеген міндеті, ата-бабамыздың төл тарихымен бірге жасасып келе жатқан жылқы жануарының асыл қасиеттерін, таза табиғатын кейінгі ұрпаққа насихаттау. Ішсе сусыны, кисе киімі, жесе еті, алыс жолға шықса жансерігі болған жылқының басқа емес, осы қазақ даласында тұңғыш қолға үйретілгендігі, ат әбзелдерінің алғашқы түрлері де осы далада жасалғандығы сөз болып, жылқыда ғана бар кейбір қасиеттерді бабаларымыз өз бойына  қалай сіңіргендігі туралы аңыз-әңгімелер де айтылды. Слайд арқылы Ботай қонысындағы қазба жұмыстары көрсетіліп, дәлелді пікірлермен түйінделді. Келуші қонақтар шараның тұщымды деректерге толы екенін айта келіп, өздері де білген-түйгендерін ортаға салды.