Алғыс деген ел сыйы

01-наурыз Алғыс айту күніне орай Әйтеке би аудандық музейінде «Алғыс – ризашылық белгісі» тақырыбында мәдени-рухани шара өтті. Шараға аудандық газет тілшісі Е.Әбдіраев, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Ш.Бекназарова, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен және т.б. мекеме қызметкерлері, Т.Жүргенов орта мектебінің 5-сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Г.Бегімбаева қатыстырылды.

Шара мақсаты: Алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні екендігін ұғындыру. 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол  қойған болатын.

Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Шара барысында оқушылармен бірлесе қайырымдылық, құдайы қонақты күту салты туралы сахналық қойылымдар қойылып, алғыс айтудың мән-мағынасын аша түсті. Музей директоры Д.Ильясова тренинг ойындар арқылы оқушыларға ризашылық нышандарын түсіндіріп, екіжақты пікір алмасулар болды. Шара соңында жақсы сөз бен жақсы іс өз иесін табатындығына мысалдар келтіріліп, қатысушылар өз алғыстарын білдірді.