Әлемнің мәні – әйелде

7-наурыз күні аудандық музей залында Халықаралық  әйелдер  мерекесіне  байланысты «Көңілден кетпес бір бейне»  тақырыбында  мерекелік  шара өтті. Шараға сыйлы ана А.Ержанова, музей ардагері Г.Шматова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ.Жарымбетов,  аудандық мәдениет үйі әдіскері Ш.Бекназарова, аудандық Саз мектебінің директоры Ш.Берсүгірова, аталмыш ұйымның оқу-ісі меңгерушісі А.Әбенова, кітапхана қызметкері А.Ермағамбетова, М.Жұмабаев орта мектебінің 6-сынып оқушылары және сынып жетекшісі Б.Қонысбаева қатысты.

Мақсаты: Қоғамдағы әйел қадірін, үйдегі жар қадірін, өскелең қыз қадірін жас ұрпақ алдында биіктету, мерейлерін, көңілдерін өсіру. Шараны музей директоры Д.Ильясова ашып, келген қонақтарға алғысы мен құттықтауын жеткізді. Тіршіліктің тамырындай болған әйелдер қауымына музей қызметкері А.Жалмуханбетов өз шығармашылығынан жыр арнап, ықыласын білдірді. Мектеп ұжымымен бірлескен концерттік бағдарлама оқушылардың өнер көрсетуімен жалғасты. Құлақ құрышын қандырар ана туралы әдемі әндер айтылып, керемет күйлер шертіліп, көкейде жүрген ойлары мен сауалдарын ұтымды қоя білді. Қ.Жарымбетов музейдің мәдениет саласының қай жұмысына да ат салысып, өз істерін жоғары деңгейде орындап жүргенін сөзге тиек етіп, музей ұжымы мен оның басшысына алғыс хат табыстады.  Қатысушыларды шаршатып алмау мақсатында логикалық ойын ойнатылып, А.Әбенова көңіл қылын шертер тамаша әнін арнады. Қонақ боп келген әйелдер қауымына естелік сыйлықтар беріліп, қошемет көрсетілді.