Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз!

19-наурыз күні музей залында Ұлыстың  Ұлы  күні  Наурыз  мерекесіне   орай  «Қош келдің, әз Наурыз!» атты  мерекелік  шара өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Н.Иванұлы, Әйтеке би ауданының құрметті азаматтары Д.Ержанов пен А.Ермағанбет, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ.Досұлы, Саз мектебінің тәлімгері Ж.Сералин және М.Жұмабаев орта мектебінің 11-сынып оқушылары мен сынып жетекшісі Н.Жакупова қатысты. Шараның мақсаты: Қазақ халқының жыл басы саналатын Наурыз мерекесінің тарихын шолу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

Шара шымылдығын алғаш боп музей директоры Д.Ильясова ашып, мерекенің мән-мағынасына тереңірек тоқталды. Қазақстан халқы Ассамблеясының Ұлы Даланың Дәстүрлеріне негізделген «Шашу» атты қайырымдылық іс-шарасын қолдау мақсатында, келген қонақтарға шашу шашып, қазақ елінің әр тойы осы дәстүрмен басталатынын сөзге тиек етті. Музей қызметкері А.Жалмуханбетов Наурыз мерекесінің шығу тарихы турасында аңыз-әңгімелерден мысал келтіріп, қазақтың байырғы уақыт өлшемдері һақында ой қозғады. Шараға қатысушы сыйлы, көргені мен білгені көп қонақтарға сөз кезегін бере отырып, мерекенің шынайы болмысын аша түсті. Адам миының жұмысы мен қол ептілігін дамытуда асық ұлттық ойыны бірден-бір құрал екені айтылып, "Бәйге", "Ханталапай" секілді ойын түрлері көрермен назарына ұсынылды. Оқушылар көңілді күй шертіп, әдемі ән шырқап,  әңгіме аудиториясымен байланыста болды. Келген қонақтар өз ризашылығын білдіріп, наурыздың басты тағамы наурыздан дәм татты.