Көрісу – ынтымақ пен берекенің көрінісі

14-наурыз Амал мерекесінің басталуына орай аудандық музейдің ұйымдастыруымен «Көрісу – ынтымақ пен берекенің көрінісі» тақырыбында мәдени шара өтті. Шараға М.Жұмабаев орта мектебінің мұғалімдер қауымы мен директоры С.Издина, Т.Жүргенов орта мектебінің мұғалімдері, Жаңалық жаршысы газетінің тілшісі Е.Әбдіраев, мәдениет үйінің әдіскері Ш.Бекназарова, Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Н.Көшеров қатысты.

Шара мақсаты: Бүгінде қазақ жерінің көп өңірінде ұмытыла бастаған Амал мерекесінің тарихына шолу жасау, көптің көңілінде қайта ояту. Мерекенің басы келген қонақтармен көрісуден басталып, жылы ниеттер айтумен жалғасты. Музей директоры Д.Ильясова Көрісу күні Наурыз мерекесінің ашылу шымылдығы екенін, еліміз осы күннен бастап жаңа жылды тойлайтынын айта келіп, барша қонақтарды ұлы мейраммен құттықтады. Музей қызметкері А.Жалмуханбетов амал мерекесінің шығу тарихына кеңінен тоқталып, қазақтың жыл, мезгіл санау есебін ел аузында жүрген аңыз-әңгімелермен тұздықтады. Н.Көшеров жұлдызшылардың аспан денелерін зерттеудегі тың идеяларын ортаға салды. Шара соңында, амал мерекесінің сыйлы асы Наурыз көже берілді. Келген қонақтар бата-тілектерін айтып, жылы тарқасты.