Музей – ел қазынасы

18-мамыр Халықаралық музей күніне орай аудандық музей залында  «Музей – ел қазынасы» атты тарихи-танымдық кеш өтті. Кешке әкімшілік және мәдениет саласының қызметкерлері, М.Жұмабаев орта мектебінің ұстаздары мен оқушылары,  Әйтеке би аудандық көпсалалы колледжінің оқытушылары мен студенттері, ерікті топтар қатысты.

Шара елдің рухани ошағы музей тарихын, әлеуметтік орнын түсіндіруден басталып, елбасы мақаласында қамтылған музей қызметінің оң өзгерістері мен атқарылған жұмыстар сөз болды. Кештің келесі бөлігі «Менің мамандығым – экскурсовод» атты үйірме жұмысының бағдарламасымен жалғасты. Үйірме мүшелері өлке тарихының қызыға зерттеген тұлғаларын, мекендерін жүйелей айтып, музей залдарына өздері экскурсия өткізді. Одан әрі, викториналық сұрақтарға кезек берілді. Ата-бабамыздың жауынгерлік өнері, салт-дәстүрі һақында тарихи маңызы бар логикалық сұрақтар қойылып, жан-жақты жауаптар алынды. Шараның түйінді, һәм қорытынды сөзін музей директоры Д.Ильясова сөйлеп, музейдің әр бастамасына, жобаларына тұрақты қатысып отыратын М.Жұмабаев, Т.Жүргенов орта мектебінің ұжымдарына, Әйтеке би аудандық көпсалалы колледжіне мақтау қағазын тапсырды. Жәдігерлерді жинап, тапсыруда белсенділік көрсеткен тұлғаларға сый-сыяпат беріліп, кешенді шара «Музей түні» акциясымен, басқа да жоспарлы жұмыстармен жалғасатынын баса айтты.